• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
23 Мамыр, 2015

Бітеу жара - Оның симптомдары тоңмойындық, төрешілдік, жемқорлықтан анық байқалуда

606 рет
көрсетілді

Еліне елеулі, халқына қалаулы, абзал ағаларымыздың бірі әрі бірегейі Төрегелді Шармановтың «Құн­­­ды­лық­тар құлдырауы» атты мақа­ла­сы мені де үлкен ойға қалдырды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Т.Шармановпен телефон арқылы хабарласып, кейіннен қазақ баспасөзінің қарашаңырағы «Егемен Қазақстанда» тақырыпты одан әрі жалғастыру жө­нінде басылым басшысы Сауытбек Абдрахмановқа тапсырма беруі тегіннен-тегін емес. Өйткені, бұл мақалаға бүгінгі күннің өзекті мәселелері, ғылым әлемін­де өршіп бара жатқан жалған атақ­құмарлық, «қалыптасып үлгерген жаппай тойқұмарлық, астамшылық, ысырапшылдық», «еңбек тұрғысынан өзара бәсекелестікке түсудің ойымызға келе бермейтіні», бүгінгі өскелең ұрпақтың бұрынғылардың өнегесінен сабақ алмайтыны осының бәрі, сайып келгенде, құндылықтардың құлдырауына, «жеңілдің астымен, ауырдың үстімен» ғана жүретін, мамандығының қыр-сырына үңіліп, үйренуге тырыспайтын, таяз ойлы, тоғышар ұрпақ» тәрбиелеуге әкеліп соғатыны арқау-өзек болған. «Құндылықтардың бүгінгі құл­ды­рауы ертеңгі күнге қазылған ормен тең. Болашақта опық жегізбес үшін қоғамда қазіргі қалыптасқан жөнсіз-жосықсыз мінез-құлықты, зиянды әрекеттерді жою жолында қоғамдық күштерді жұмылдырғанымыз жөн. Халқымыздың болашақта өркениет көшіне ілесіп, ілгері дамуы үшін өзгені де, өзімізді де сыйлай білетін, ішкі-сыртқы мәдениетімізді танитын уақыт жеткендей», – деп түйіндейді өз ойын мақала авторы. Иә, жаман әдет дер кезінде оталып отырмаса, қаулай өсіп, кейіннен бой бермей кететін арамшөп іспетті. Осы орайда «Жаста берген тәрбие, жас қайыңды игендей» деген халық даналығы ойға оралады. Өкініштісі сол, көптеген жастардың бойынан бүгінде ұлттық намыс пен ұлағатты көре алмайсың. Мұның өзі ең алдымен отбасындағы тәрбиенің олқылығынан, ел ағасы дерлік лауазымды қызметтер атқаратын, дүйім елге тұлға боларлық азаматтардың азайып бара жатқанынан, ұлттық намыс пен ұлағаттың кеміс­тігінен бе деген ойға қаламын. Мәселен, қызмет бабына байланыс­ты кең-байтақ Қазақстанды көп араладым. Сондай-ақ, еліміздің түкпір-түкпірінен жиі келіп жататын арыз-шағымдар мен өтініш хаттарды да көп көрдім. Солардың басым көпшілігіне басшы қызметте жүрген лауазымы жоғары адамдардың тоңмойындығы мен төрешілдігі, адам тағдырына атүс­ті қарайтындығы, бедірейген безбүй­ректігі арқау болады, осындай оғаш­тықтарға реніш білдіріледі. Мұндай теріс қылықтарға жол беретін басшылардың іссапарлар барысында кезігіп қалатынын өзім де байқап келемін. Осындай басшыларға дер кезінде тиісінше шара қолданылып, жоғарыда атап өткенімдей, арамшөп сияқты жайлап алған жаман әдеттердің түп-тамырына түбегейлі балта ша­былып жатса, әлі де көптеген келеңсіз­діктерден арылып, жақсылыққа қарай бетбұрыс жасауға болар еді. Өкініштісі сол, алғашқы келген күнінен бастап тек қана қазына қар­жысын қымқыруды ойлап әрекет ететін, кадрларды қарым-қабілетіне қарай емес, керісінше, жершілдік, тамыр-таныстық, парақорлық тұрғысынан өзіне сай келетін сыбайластарды таң­дайтын басшылардың барған сайын көбеймесе, азаймай отырғаны, жер­гілікті, аудан, облыс әкімдерінен бас­тап, министрлерге дейінгі лауазымды басшылардың мыңдап емес, миллиондап жеп кетіп жатқаны және осының бәрі тиісті мемлекеттік органдарда дер кезінде емес, болары болып, бояуы сіңгеннен кейін кешеуілдеп барып анықталатыны қынжылтады. Ал Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Жар­лығымен қабылданған Мем­лекет­тік қыз­метшілердің «Ар-намыс» ко­дексінде «Азаматтармен және заңды тұлғалармен қарым-қатынас­­тарда мемлекеттік қызметші қарапайым­дылық танытуға, өзінің лауазымдық жағдайын, соның ішінде көлік, сер­вис және өзге де қызметтерді алу кезінде бас көрсетпеуге және пайда­ланбауға, өзінің іс-әрекеттерімен және шешімдерімен қоғам тарапынан негізді сынға ұшыра­мауға, өтініштерді қарау кезінде төре­шіл­дік пен сөзбұйдаға салмауға тиіс» еке­ні тайға таңба басқандай айқын айтылған. Осы орайда, тек жағымды іс-әре­кеттерді ғана өміріне айнымас серік еткен, өшпес өнеге, өзіндік із қалдырған абзал ағалар ойға оралады. Бәйкен Әшімов, Қаратай Тұрысов, Мақтай Сағдиев, Сағидолла Құбашев, Өзбекәлі Жәнібеков, Михаил Есенәлиев сияқты еліміздің өркендеп дамуына өлшеусіз үлес қосқан тағы басқа да ағаларды артынан ерген кейінгі інілері әлі күнге дейін сағынышпен еске алып отырамыз. Өйткені, олардың бәрі еліміздің бүгіні мен болашағын қалыптастыру үшін ерен еңбек сіңірген, өздері де ұлттық тәрбиенің қайнар бұлағынан қанып сімірген, дүйім елді соңынан ертіп, көптің көңілінен шыға білген көрнекті тұлғалар. Әсіресе, қандай үлкен қызметтер атқарса да атамыз қазақтың «ұлық болсаң, кішік бол» деген қағидасын берік ұстанған, қашан көрсең де бір қалыптан аспаған, өзінің айтар ойын байсалды түрде жеткізе білген, сабырлы мінезімен көпшіліктің сый-құрметіне бөленген Бәйкен аға Әшімовтің өнегесі мені қатты қызықтыратын. Осы аталған азаматтардың қайсы болсын ұлты үшін қыруар қажыр-қайрат жұмсап, ұлан-ғайыр еңбек сіңірген, ғаламтордағы небір анайы көріністерден бас алмай, өздері де анайылық пен қатыгездікке, енжарлық пен бойкүйездікке бой ұрып бара жатқан кейінгі жастарға үлгі етіп ұсынуға әбден болатын ұлағатты тұлғалар, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлері. Бұл ретте ата-бабаларымыз сан ғасыр бойы армандаған, тағдыр сыйындай болып қол жеткізілген тәуелсіздік тұғырының биік те берік болуы үшін еліміздің қай азаматында, әсіресе, мемлекеттік қызметшілердің бойында, ең алдымен, ұлттық намыс болуға және ол кімді болсын үнемі қамшылап, игі істерге жетелеуге тиіс деп ойлаймын. Бұл ел үшін, атамекен жер үшін, жарқын болашақ үшін, ең бастысы, жоғарыда атап өткенімдей, тәуелсіздігімізді сақтап қалу үшін, нарықтық қатынастарға біржола бет бұрған қоғамымыздың қарыштап алға басуы үшін өте қажет. Жалпы, ұлттық намыс дегеніміз ауқымы кең ұғым. Ол, ең алдымен, отбасында ананың сүтімен, әкенің өнегесімен, үйелмендік тәрбие тағылымымен баланың бойына тарайды. Қаршадайынан ана тілінің қадір-қасиетін сезініп және бойына сіңіріп өскен жастардың ұлтжанды да ұлағатты, елжанды болып келетіні байқалып жүр. Сондықтан да, біз Төрегелді Шарманов ағамыздың мақаласында орынды аталып өтілген, бос даңғазалыққа бой алдырған тойшыл ұрпақты емес, қай мәселеге болсын тәуелсіздік тұғырын биіктете түсу, елімізді жаңа белестерге көтеру мүддесі тұрғысынан қарайтын, үлкенге құрмет, кішіге ізет білдіретін, аталы сөзге тоқтайтын, ішімдікке, жеңіл жүріске, нашақорлыққа салынбайтын ойшыл ұрпақты қалыптастыруға тиіспіз. Ең бастысы, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған былтырғы Жолдауында орынды атап өтілгеніндей, «Тәуелсіздікке қол жеткізгеннен гөрі оны ұстап тұру әлдеқайда қиын» екенін түсіне білетін білімді де білікті, ел­жанды ұрпақты тәрбиелеп қал­ып­тастыруға бар жан-тәнімізбен атсалысуымыз ­керек. Қазақ әдебиеті алыптарының бірі, заманымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезов те өз кезегінде «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деп бекер айтпаса керек. Осы бір ұлағатты сөздің астарында көп жайлар бар. Бесігіңді түзе дегені, бала тәрбиесіне мықтап көңіл бөл дегені ғой. Өкініштісі сол, біздің болашағымыз – балаларды тәрбиелеу барысында, жоғары оқу орындарын былай қойғанда жалпы білім беретін мектептердің өзінде көптеген келеңсіздіктердің бар екенін жасыра аламыз ба? Осы тұрғыдан келгенде Төре­гелді Шарманов ағамыз жаны күйзел­гендіктен жұртшылыққа жария етіп отырған оғаштықтарға, қоғам­дық санада орын алған кереғар­лықтарға, ғылым саласындағы жал­ған атақ­құмарлыққа, сондай-ақ, ысырап­шылдық пен даңғазалыққа әкеп соға­тын тойқұмарлыққа, әрине, жол бер­мегеніміз жөн. Осы орайда, жалған атаққұмарлық сияқты тәуелсіз еліміз­дің алға басуына көп кедергі келтіріп, әсіресе, кейінгі жастарға теріс өнеге көрсетіп отырған сыбайлас жемқорлықтың елімізді жайлап алған жегі құрт екенін атап өткім келеді. Бүгінде газет беттерінен, теледидар хабарларынан сыбайлас жемқорлық қылмыс фактілері туралы хабарлардың жиі берілетіні байқалады. Ал мемле­кеттік қызметпен мүлдем сыйыспайтын мұндай сорақылықтарға жол бергендер арасынан ауыл әкімінен бастап вице-министр, министрге дейінгі, сержанттан генералға дейінгі, аудандық деңгейдегі судьядан Жоғарғы Сот ­судьясына дейінгі лауазымды адамдарды кезіктіруге болады. Солардың ішінде көзге түсетін өзіміздің бауырларымыз. Құдды бір сыбайлас жемқорлық біздің ұлтымызды жаппай жайлап алғандай әсер қалдырады. Әйтсе де, сыбайлас жемқорлық еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін ғана өршіп кетті деп есептейтін болсақ, түбі­рінен қателескен болар едік. Әлем­нің түкпір-түкпіріндегі кез келген елде жемқорлықтың болып келгені, әлі де болып жатқаны өтірік емес. Адамзат өркениетінің тарихы сияқты оның түп-тамыры тым тереңде жатыр. Сыбайлас жемқорлық проблемасы тек дамушы елдердің немесе өтпелі кезеңдегі елдердің ғана проб­лемасы емес. Мемлекеттік құры­лыс бір қоғамдық-саяси формациядан екіншісіне ауысқанда сыбайлас жемқорлық құбылысының орын алатыны байқалып қалады. Бұл ретте сыбайлас жемқорлық көріністер қазақ халқының мәдениетінің ешқашан құрамдас бөлігі болмағанын айтқым келеді. Әсіресе, халқымыз­дың әдет-ғұрпында, салт-дәстүрінде алаяқтық, айтқан сөзде тұрмаушылық, жебірлік элементтері орын алған емес. Жең ұшынан жалғасқан жебірлік пен парақорлыққа адамдар әрқашан жаратпай қараған. Мәселен, заңдар жиынтығы болып саналатын «Жеті жарғыны» талдап көрсеңіз, одан парақорлық үшін жаза тағайындау туралы бапты кезіктіре алмайсыз. Кісі өлтіргені, ұрлық, қарақшылық жасағаны, әйелді зорлағаны үшін қатаң жаза тағайындау туралы баптар бар. Ал жемқорлыққа жатқызуға болатын жоғарыда айтылған қылмыстар үшін жазалайтын баптар жоқ. Демек, жемқорлық – біздің ата-бабаларымыздың кейінгі ұрпақтарына қалдырған мұрасы емес. 1998 жылғы 11 қарашада Сыбай­лас жемқорлыққа қарсы күрес комиссия­сының төрағасы болып тағайын­далғаннан бері халықаралық қоғамдас­тықтың өзін қатты алаңдатып отырған осы бір өзекті мәселемен үзбей айналысып келе жатырмын. Әсіресе, билік органдарының жемқорлық дертіне шалдығуы еліміздің экономикалық және әлеуметтік тұрғыдан әлсіреуіне, жалпы, қоғамдағы қылмыс деңгейінің өршіп кетуіне әкеліп соғатынын, соның салдарынан азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының тиісінше қорғалуына сенімнің жоғалатынын, сондықтан да жемқорлықтың алдын алу көп жағдайда мемлекеттік органдардағы лауазымды тұлғалардың шешімдер қабылдау барысындағы әділдігіне байланысты болатынын айтудан әсте жалыққан емеспін. Амал не, беті ашылған сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтардың басым көпшілігі әлі де болсын ішкі істер органдары, бұрынғы салық полициясы, прокуратура мен сот қызметкерлерінің үлесіне тиеді. Азаматтар тарапынан да негізінен облыстық және қалалық ұйымдардың, ішкі істер, сот, әділет, прокуратура органдарының, қалалық және аудандық әкімдердің, шаруашылық жүргізуші субъектілердің құқыққа қайшы келетін іс-әрекеттеріне, мемлекеттік қызметшілердің сыбайлас жемқорлыққа жол беріп отырғанына арыз-шағым жиі айтылады. Және тексеру барысында бұл арыз-шағымдарда көрсетілген сорақылықтардың анықталып жататынын қынжыла отырып мәлім етуге тура келеді. Кешегі тоталитарлық кезеңнен қалған мұраны еңсерудегі қиын­дық­тар және, ең алдымен, биліктің бақы­лаусыздықтан баяулауы, мемле­кеттік қызметшілерге лайықты жағдай­лар жасауды қамтамасыз етуге мем­лекеттің қабілетсіздігі, заңнаманың жетілдірілмеуі, салықтық қысымның күшейе түсуі – міне, осының бәрі сыбай­лас жемқорлықты туындататын себептер болып табылады. Мәселен, кәсіпкерге тым ауыр түсетін салықтарды төлегеннен гөрі, салық инспекторына пара бергеннің тиімді екені белгілі ғой. Билік институтының тиімсіздігі адалниетті меншік иелерін қорғауға қабілетсіздігінен айқын білінеді. Сот шешімдерінің орындалмауынан сот жүйесінің босаңдығы байқалады. Өкінішке қарай, адамдарды жеріне, аймағына, руына қарай алалап қарайтын, ебін тауып екі емес, пәлен мың-миллион, миллиардтап асайтын басшылардың дерті асқына түспесе, әлі де азайған жоқ. Мұндай басшылар бір командамен жұмыс істейміз деген сыңаржақ қағиданы желеу етіп, өз қарамағына тек жоғарыда аталған өлшемдерге, жемқорлық мүдделері тұрғысынан өздеріне сай келетін жақын адамдарды ғана жұмысқа қабылдаудан тынар емес. Ал қабылданған адамның біліктілігі, адамгершілік қасиеттері және ең бастысы, мұның ақыры неге апарып соғатыны жершілдік дертіне шалдыққан жемқор басшыларды еш толғандырмайтын сыңайлы. Сонда осындай сорақылықтарға жол беретін қызметкерлер аттестаттау комиссияларынан өтпеген бе деген ойға қаласың. Егер өткен болса, сол аттес­таттау комиссиясының басшылары неге жауапқа тартылмайды? Демек, бұл шараның да формальді түрде өткізілетін болғаны ғой. Бұл ретте халқымыздың ойшыл ақыны, данышпан Абайдың «Өсек, өтірік, мақтаншақ, еріншек, бекер мал шашпақ, бес дұшпаның білсеңіз», деген аталы сөздерін әрқашан еске алып, мұндай әрекеттерге бармауымыз керек. Сонымен бірге, «Талап, еңбек, терең ой, қанағат рақым ойлап қой, бес асыл іс көнсеңіз» деп кейінгі ұрпақтарына айтып кеткен бес ұлағатты істі мүлтіксіз орындауға барынша талпынғанымыз абзал. Қазақстандық ұлттық рухтың басты қайнар көзі ортақ рухани адамгершілік құндылықтар негізіндегі халық бірлігі екенін, адамдардың «талғамсыздық­тың, «менттер», қылмыстар туралы көпірген сериалдардың, тұтыну­шы­лық, ойын-сауық және тағы­сын-та­ғылар сияқтылардың көпті­гі­нен» шар­ша­ғанын, бұл ретте жалпы ұлт­тық құндылық­тар­ды нығай­туға бас­тай­­­тын күш ретінде біз­дің интелли­ген­ция­мыздың рөлі зор еке­нін Елбасы ­Н.Ә.На­зарбаев таяу­да ғана ­өт­кен Қазақ­­стан хал­қы Ассамблеясы­ның XXII сессия­сында сөйлеген сөзінде тағы да айтып өтті. ...Барлық елдер бәріне ортақ бір проблемамен бетпе-бет келіп отыр. Ол аса ауқымды ақпарат тасқынын аударып үлгермеу мәселесі. Әлемдегі техникалық ақпараттардың 70 пайызы – ағылшын тілінде. Электронды тасымал құралдарындағы ақпараттың 80 пайызы – ағылшынша. Жапон, қытай, орыс, француз, араб, түрік және басқа да тілдерді қоса алғандағы өзге тілдердің үлесі небәрі 20 пайыз. Осы тілдерді ғана білетін адамдардың ақпаратқа қол жеткізу мүмкіндігі барынша шектеулі. Бұл айырмашылықты еңсермеу тіптен мүмкін емес, деді Елбасы. Осы тұрғыдан келгенде, білімі бар жастарға көбірек сенім арту қажет деп ойлаймын. Әсіресе, «Болашақ» бағдарламасы бойынша және өз еркімен оқып, шетелдердің тәжірибесінен үйреніп келген жас кадрларды қызмет бабы бойынша көбірек көтерген жөн сияқты. Бір атап өтерлігі сол, «Болашақ» бағдарламасы бойынша оқып, елге оралған, бүгінде әр салада жұмыс істеп жүрген жастардың арасында сыбайлас жемқорлық, қылмыс жасау фактілері жоқ екені қуантады. Егер қалыптасып қалған орта, арам ойлы «ағалары» бұзбаса, болашақта жемқорлыққа батыл қарсы тұратындар солар болады деп үміттенемін. «Ашынғаннан шығады ащы даусым» демекші, Төрегелді ағамыз айтқан және басқа да сорақылық атаулыны жою – бүгінгі күннің ең басты міндеті деп білемін. Олай болса, ең асыл қазынамыз – тәуелсіздік тұғырының берік болуы үшін, сондай-ақ, Қазақстан Респуб­ликасының Президенті Нұрсұл­тан Назарбаев алға қойған бес инс­ти­туттық реформаларды ойда­ғыдай жүзеге асыру үшін жоғарыда аталған жөнсіздіктерді, қоғамымыздың ілгері дамуы үшін кедергі келтіріп отырған келеңсіздіктерді жоюға батыл бетбұрыс жасап, жалпы адами құндылықтардың көздің қарашығындай сақталуын қамтамасыз етуіміз қажет. Елбасымыз елді жаңғыртудың 100 нақты қадамын ұсынды. Сол 100 қадамның өн бойында адамның адам атын сақтап қалатын құндылықтарды қастерлеудің тетіктері алтын арқау болып өріліп жатыр. Бұл қуантады, үміттендіреді, сенім береді.

Оралбай ӘБДІКӘРІМОВ, мемлекет және қоғам қайраткері.